Бәйге – қазақтың ұлттық спорт ойыны, шабандоздардың ат жарысы. Бәйге қазақ халқының алқалы жиындарының (тойлардың, астардың, т.б.) ажырамас құрамдас бөлігіне айналған. Шабандоздар белгіленген жерге алғашқы болып жету үшін барлық күш-жігерін салып шабады. Жарыс тура және бұрылыстары бар тегіс не дөңгелек бәйге алаңдарда өтеді. Ат спортының бұл түрі түркі тектес басқа халықтарда да бар. Мысалы, Бәйге өзбектерде “пайга”, қырғыздарда “чабыш” деп аталады.
Ұлттық ойынның қалыптасу себебін қазақ халқының ұзақ қашықтықтарда орналасқан жаңа мекендерге көшу қажеттелігінен жылқыларды дайындаумен және де тұқымын асылдандыру үшін ең шыдамды және мықты тұлпарларды таңдаумен байланыстырады. Ал қатарласып келе жатқан атқа қамшысын тигізуге немесе қамшысын үйіріп басқа аттарды жасқауға, айқалауға, ысқыруға, жарыс жолынан шығып кетуге, оның айналмаларынан төтелеп өтуге болмайды. 1-ші орын мәреге атының тұмсығы бірінші іліккен шабандозға, қалған орын аттардың келу ретіне қарай беріледі. Бәйге түрлері:
Аламан бәйге
Аламан бәйге cалтанатты тойда, дабыралы мерекеде өткізілетін қазақ халқының дәстүрлі ат спортының бірі, кең көлемде ұйымдастырылатын ең ірі ат жарысы. Аламан бәйгенің ат бәйгеден ерекшелігі: бәйге шабылатын жер қашықтығы 40 шақырымнан кем болмайды. Ат шабатын жолда кесіп өтетін су, айналып өтетін көл, сай-жылға, бел-белес, жыра мен жар, сусыма тайғақ кешулердің болатыны табиғи. Аламан бәйгенің тағы бір ерекшелігі жүлде қорының мол болуында. Атағы алты алашқа жайылған аламан бәйгелердің жүлдесіне үйір-үйір жылқы, қора-қора қой, жамбы, аршын шұға берілетін болған. Айталық, атақты Сағынайдың асына 1300 ат шапқан. Бас бәйге 500 жылқы, 1000 қой бәйге берілген. Сондай-ақ шабатын аттың көптігі жәнеде жердің шалғайлығына байланысты оның тәртібіде қатаң болады. Бәйгенің өткізу үшін арнайы бір адам тағайындалады, жұрт мойындаған атбегілерден екі төреші халықтың көрсетуімен екі бақылаушы, екі ат айдаушы, екі даяшы белгіленіп, ат жарысының сәтті өтуіне осы кісілер жауап береді. Шабандоздардың қолдарына арнайы номерлерді тапсырып сол бойынша жарыстың соңында қолдарындағы реттік номірі бойынша жүлдерін табыстайды. Жарысқа шығарды шабандоздардың қолына қамшы мен бірге орамал алады. Сол орамалмен жарыс кезінде аттарының көзінің терін сүртеді.
Құнан бәйге
Құнан бәйге — ертеден келе жатқан халықтық спорттық ойындарының бірі. Құнан жарысқа тай кезінде озып, бәйгеден келіп жүрген екі жасар жылқы қатыстырылады. Құнан жарысқа қосылмай тұрып, күн ілгері әзірленеді — бапталып, жаратылады. Құнан жарысы көбінесе шағын тойларда өткізіледі. Құнан жарысы 8—10 шақырымдық қысқа қашықтықта өтеді. Ал үлкен жиын-тойларда көбінесе аса қашыққа шабатын бәйге, аламан бәйге аттары келгенше, жиылған жұртты зеріктірмес үшін пайдаланылады. Құнан жарысына 8—9 жастағы балалар қатынасады. Бала құнанды бәйгеге баптаудан бастап, барлық әзірлік кезеңіне қатынасып шаруашылық мектебінен өтеді. Өмірге әзірленіп, шаруашылыққа қатынасады, ерік-қайратын шыңдап, жеңіске деген ынта-жігері артады.
Жорға жарыс
Жорға жарыс, жорға салу – жорға мінген шабандоздар жарысы, ұлттық ат спорты түрлерінің бірі. Жақсы жорғалар жарыс кезінде ешқашан да шоқыраққа, желіске не шабысқа көшпейді.
Жорға жарысы спортының да өзіне тән ерекшелігі бар. Жорға өзінің жұмсақ та тайпалма жүрісімен көзге түседі. Жорға оң жақтағы алдыңғы аяғы мен оң жақтағы артқы аяғын, сол жақтағы артқы аяғымен, сол жаңтағы аяңтарын бір мезгілде алады. Жарыс кезінде нағыз жорғалар жорғасынан танбайды. Ондай жорғаларды су жорға дейді. Өйткені ондай жорғалармен алып жүрген су шайқалмайды да, төгілмейді. Ондай жорғалар жарыс кезінде басынан аяғына дейін жорғасынан бір танбайды. Егерде жорға жарысына қосқан жорға жорғасынан жаңылып, шоқырақтап шабатын болса, оны жарысқа қосушы иесіне айып салынады. Ал ол тәртіпті төртке дейін бұзатын болса, онда жарыстан шығарылып тасталатын болады.
Жорға жарысы тек қысқа, жол ыңғайына қарай қысқа қашықтықта өткізіледі. Мұның өзі аттың шаршап, жорғадан шабысқа түспеуі үшін қолданатын тәртіп екені түсінікті. Жарысқа түсетін аттар — көбінесе жол жорғалар мен шаппа жорғалар болады.
Жорға аттарды мұқият іріктеп, саралап алу қажет. Жорға түрін араластырмау — басты шарт.
Жарысқа қолданылып жүрген қазіргі тәртіп бойынша жорға жарыстарына әйелдер мен қыздар да қатынаса алады.
Жорға жарысы, сөз жоқ, спорттың пайдалы түрі, спортшының күші мен моральдық сапасын жетілдіреді және жалпы спортқа оның ішінде ат спортына сүйіспеншілігін арттырады. Оның тағы бір бағалылығы — қазақ әйелдері мен қыздарының арасында физкультура мен спортты дамыта түсетіндігінде.
Тай жарыс
Бір жастағы жылқы баласының жарысы. Қашықтығы 6-8 шақырымнан аспайды. Қазақ халқы болашақ тұлпар болар жылқы мен батыр болар баланы тай жарысынан бастап танып алатын болған.Көшпенділер дәстүрінде тай жарысы кезінде ең соңынан келген тай мен балаға да сыйлық беретін ұғым бар.Бұл жас баланың көңілін аулайтын жақсы дәстүр.
Дөнен жарыс
Жылқы баласын құнаннан шыққан соң дөнен деп атайды. Дөнен жарыстың қашықтығы 20 шақырымнан аспауы тиіс. Дөнен жылқының жарысы кезінде жүйріктің сүйек сыны мен айқындалады және еркек жылқы болса алдағы уақытта айғыр немесе мініс аты болдыра ма, соны шешеді.