Меню KDT
ДС-ЖМ сағ. 09:00-18:00
Астана қаласы, Қабанбай батыр 11/5
uasto.ks@gmail.com

Жаңалықтар

IV ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫ ӨТЕДІ

Бүгін Орталық коммуникациялар алаңында IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысты баспасөз конференциясы өтті, оған ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы С.Ерғалиев, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Б.Сәбитов, «Қазақстан Барысы» М.Исағабылов, көкпардан Азия чемпионы Қ.Тұрғанбек қатысты.

  Самат Серікқанұлы мемлекет тарапынан спортшылардың Ойындарға дайындығы мен қатысуына барлық жағдай жасалғанын жеткізді. «Бұған дейінгі ойындарда Қазақстан Республикасының құрама командасы белсене қатысып, жүлделі орындардан көрініп келген, атап айтқанда жалпыкомандалық есепте 2014 жылы – 2 орын, 2016 жылы – 3 орын, 2018 жылы – 2 орынды иеленген болатынбыз. 

  Бұл елімізде ұлттық спорт түрлерінің қарқынды дамып келе жатқандығының көрінісі. Осы алдағы дүбірлі додада да спортшыларымыз жоғары жетістіктерге қол жеткізеді деген сенімдеміз»-деді комитет төрағасы.

  IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Түркияның Изник қаласында 29 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өтеді. Қазақстан  Республикасынан қазақ күресі, көкпар, көкбөрі, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату спорт түрлері бойынша 53 спортшы ел намысын қорғайды.

  Жарыс қатысушы елдер арасындағы мәдени байланыстарды нығайту арқылы әлемнің көшпелі халықтарының мәдениетін сақтау және жаңғырту, көшпелі әлем халықтарының ұлттық спорт түрлерін халықаралық деңгейге шығару және сақтау мақсатын жүзеге асырады.

          Көшпелі халықтардың мәдениеті мен спортын қайта жаңғыртуды мақсат еткен шара «Болашаққа жолданған дәстүрлі қолтаңба» ұранымен өтеді.

          Аталған 5 спорт түрі бойынша спортшылардың барлығы ел ішінде де, шетелде де арнайы оқу-жаттығу жиындарынан өтіп, тыңғылықты дайындық жүргізді.

          Ұлттық спорт олимпиадасына айналған шараға 23 спорт түрі бойынша әлемнің жүзге жуық елінен спортшылар қатысады деп күтілуде. Жалпы жарыста 23 спорт түрі қамтылған, оның ішінде 10 спорттан тек көрсетілім  ғана (показательные игры) болады.

          Көкпардан ҚР ұлттық құрама сапында әлем чемпиондары Ұлан Байтөреев (команда капитаны), Абылайхан Нышанбеков, «ғасыр ойыншысы» атанған Құрманбек Тұрғанбек сынды ойыншылар ел намасын қорғайды.

Көкбөрі (қырғыз көкпары) дайындық барысында ресми түрде спорттық сайысқа енгізілмеген болатын, жобаның авторы ретінде Қырғызстан мемлекетінің сұранысымен соңғы күндері енгізіліп, Қазақстаннан құрама дайындалды.

          Қазақ күресінің спортшылары 6 салмақ дәрежесі бойынша (3 салмақ ерлер, 3 салмақ әйелдер) күреседі, оның ішінде «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің жеңімпазы Мақсат Исағабылов бар.

          Жамбы ату спорты бойынша ұлттық құрама мүшелері - тұңғыш Әлем чемпионы Ералхан Айкөз, Әлем чемпионы Абзал Тулыбеков, Азия чемпионы Бақдәулет Бабажан өнер көрсететін болады.

          Дәстүрлі садақ атудан Диас Ахметов (ҚР кубогінің жеңімпазы), Ербол Тәпенов (Әлем кубогінің күміс жүлдегері), Анжела Тарыца (Әлем кубогінің жеңімпазы) сынды спортшылар қатысады.

          Сондай-ақ, «теңге ілу», «аударыспақ» спорт түрлері бойынша көрсетілім (показательные игры) болады, оған аталған спорт түрлерінен 4 спортшы қатысады.

           Көшпенділердің дәстүрі мен жауынгерлік рухын жаңғыртқан   Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы жалпы есепте үздік үштіктің құрамынан табылған болатын.

          Ұлттық спорттың әлемдік бәсекесі туралы ресми ақпараттар Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының  www.ulttyqatsort.kz  сайты мен әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланатын болады.

Баспасөз қызметі: Жүсіп Жадыра Қозыбаққызы, тел: 87011376858

26.09
0


Чтобы оставлять комментарии авторизуйтесь